Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суды тиімді және жауапкершілікпен пайдалану бағытында атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады, деп жазады Egemen.kz.
9 сәуір күні Мемлекет басшысы су саласындағы іргелі құжат жаңа Су кодексіне қол қойды. Кодекс еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға ықпал ететін, суды қауіпсіз әрі тиімді пайдалану деңгейіне қол жеткізуге және оны тұрақты түрде қолдауға мүмкіндік береді. Осы қатарда «Су ресурстарын басқару жүйесін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы», «2028 жылға дейін су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары» және «2026 жылға дейінгі суды үнемдеу жөніндегі жол картасы» сынды су шаруашылығы саласындағы басымдықтарды айқындайтын негізгі стратегиялық құжаттар да бар.
Министр баяндамасында Су шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарында 160 нақты іс-шара қамтылғанын атап өтті. Бұл жобаларды тиімді іске асыру және бақылау мақсатында салалық министрлік жобалық басқару тетіктерін енгізген. Сондай-ақ, арнайы жобалық офис құрылып, өңірлік деңгейде тұрақты байланыс орнатылған.
«Биыл бюджет қаражаты мен халықаралық қаржы ұйымдарының (Бүкіләлемдік, Ислам және Еуропалық банктер) қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырымды құрайтын 1485 канал қайта жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде 2025 жылы екі жүз мыңға жуық гектар жүктелген аумағымен мың шақырымға жуық (962 км) 275 канал пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр», деді Нұржан Нұржігітов.
2021–2025 жылдар аралығында шамамен жеті мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады.
Айта кетейік, 2021-2024 жылдар аралығында 8577 ирригациялық каналдың (47 мың км-ден астам) 884-іне (5406 км) күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілген. Былтыр 162 каналды (778,3 км) реконструкциялау аяқталған.